MIGA, Standard Chartered, J.P. Morgan және Commerzbank Қазақстанның Даму Банкімен бірлесіп Қазақстандағы жолдарды қалпына келтіруге және жұмыс орындарын құруға жәрдемдеседі

Press Release
MIGA, Standard Chartered, J.P. Morgan және Commerzbank Қазақстанның Даму Банкімен бірлесіп Қазақстандағы жолдарды қалпына келтіруге және жұмыс орындарын құруға жәрдемдеседі
July 13, 2026
Кепілдіктер шамамен 7 700 шақырым автомобиль жолын қалпына келтіруге арналған 785 млн АҚШ доллары көлеміндегі кредитті қамтиды. Бұл — MIGA-ның Орталық Азиядағы бүгінгі күнге дейінгі ең ірі жобасы
Almaty Kazakhstan road

ВАШИНГТОН, 2026 жылғы 13 шілде — Дүниежүзілік банк тобының Кепілдіктер платформасы жұмыс істейтін Инвестицияларға кепілдік беру жөніндегі көпжақты агенттік (MIGA) Қазақстандағы жол қозғалысының қауіпсіздігі мен көлік байланысын жақсартуға, сондай-ақ мыңдаған жұмыс орнын құруға және сақтауға мүмкіндік беретін кредит бойынша кепілдіктер берді.

MIGA Қазақстанның Даму Банкіне (ҚДБ) берілетін 785 млн АҚШ доллары көлеміндегі кредит бойынша Standard Chartered, J.P. Morgan және Commerzbank банктеріне кепілдіктер ұсынды. Кредит қаражаты Қазақстанның автомобиль жолдарының ұлттық операторы — «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына қайта кредиттеу тәртібімен беріледі. Бұл қаражат Қазақстанның Автомобиль жолдарын қалпына келтіру және жөндеу жөніндегі ұлттық инвестициялық жобасы (бұдан әрі — Бағдарлама) шеңберінде елдің ірі қалаларын, экономикалық орталықтары мен шекаралық өткізу пункттерін байланыстыратын автомобиль жолдарын жоспарлы күтіп-ұстау және орташа жөндеу жұмыстарын қаржыландыруға бағытталады. Бұл Солтүстік — Оңтүстік дәлізінің және Орта дәліз деп те аталатын Транскаспий көлік дәлізінің стратегиялық учаскелерін қамтиды. Аталған бағыт Азия мен Орталық Азияны Еуропамен байланыстыратын балама бағыт ретінде барған сайын маңызды бола түсуде.

Жалпы құны 2 млрд АҚШ долларын құрайтын Бағдарлама Еуропалық инвестициялық банктің (ЕИБ) 200 млн еуро көлеміндегі кредитін де қамтиды. Бұл — MIGA мен ЕИБ бірлесіп қолдау көрсеткен алғашқы жоба. Жобаны кешенді тексеру барысында MIGA мен ЕИБ тығыз ынтымақтастық орнатты.

Қазақстанның ұлттық автомобиль жолдары желісінің ұзындығы шамамен 96 000 шақырымды құрайды. Алайда ондаған жылдар бойы инвестицияның жеткіліксіз болуы, ауа райының қолайсыз жағдайлары және ауыр жүк көліктерінің қарқынды қозғалысы салдарынан жолдардың едәуір бөлігі жөндеуді қажет етеді. Күтіп-ұстау және жөндеу жұмыстарының нәтижесінде қалпына келтірілген учаскелердегі қозғалыстың орташа жылдамдығы сағатына 20–50 шақырымға артып, жол-көлік оқиғаларының деңгейі 20 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.

Құрылыс жұмыстарының нәтижесінде жыл сайын шамамен 25 000 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. «ҚазАвтоЖол» компаниясы сондай-ақ жолдарды қалпына келтіру бағдарламасының барлық бағыттарындағы техникалық және басшылық лауазымдарда әйелдердің өкілдігін арттыруға ықпал ететін Гендерлік іс-қимыл жоспарын іске асыруға міндеттеме алды.

«Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі халық үшін көлік байланысын жақсартуға және мыңдаған жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін осы жолдарды қалпына келтіру жобасын Standard Chartered, J.P. Morgan, Commerzbank және Қазақстанның Даму Банкімен бірлесіп қолдайтынымызды мақтан тұтамыз, — деді MIGA-ның басқарушы директоры Цутому Ямамото. — Бұл — MIGA-ның Орталық Азиядағы бүгінгі күнге дейінгі ең ірі мәмілесі. Ол Дүниежүзілік банк тобының Қазақстанның көлік секторын нығайту жөніндегі жұмысын, соның ішінде Орта дәлізді дамытуға көрсетіп отырған қолдауын жалғастырады».

Қазақстанның Даму Банкінің Басқарма төрағасы Марат Елібаев былай деді: «ҚДБ тарихында алғаш рет MIGA кепілдіктерінің қолдауымен жүзеге асырылып отырған бұл маңызды мәміле халықаралық инвесторлардың Қазақстанға деген сенімін көрсетеді және ҚДБ-ның Standard Chartered, J.P. Morgan және Commerzbank банктерімен ынтымақтастығының беріктігін айғақтайды. Ұзақ мерзімді халықаралық капиталға қолжетімділікті кеңейту арқылы бұл әріптестік көлік инфрақұрылымын жақсартуға, елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға және ұзақ мерзімді экономикалық өсуді қолдауға бағытталған стратегиялық жобаларды іске асыруға ықпал етеді».

Standard Chartered банкінің Даму және агенттік қаржыландыру жөніндегі атқарушы директоры Десислава Радева былай деді: «Сенімді көлік инфрақұрылымы экономикалық дамудың, сауданың және өңірлік байланыстардың негізі болып табылады. Біз халықаралық капиталды, көпжақты қолдауды және Қазақстанның даму басымдықтарын ұштастыратын қаржыландыру құрылымы арқылы елдің автомобиль жолдарын қалпына келтіру жөніндегі ауқымды бағдарламасын қолдауды мақтан тұтамыз. Бұл мәміле Standard Chartered банкінің үкіметтер мен мемлекеттік кәсіпорындарға ұзақ мерзімді экономикалық құндылық қалыптастыратын және халықтың кең ауқымына пайда әкелетін инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жәрдемдесуде атқара алатын рөлін көрсетеді».

J.P. Morgan банкінің Экспорттық және агенттік қаржыландыру жөніндегі жаһандық басшысы Лаура Гэлвин былай деді: «Біз MIGA-мен бірлесіп Қазақстанның Даму Банкіне Қазақстандағы жетекші әрі маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірін іске асыруға қолдау көрсетіп отырғанымызға қуаныштымыз. Бұл Қазақстанның ірі қалаларын, экономикалық орталықтары мен шекаралық өткізу пункттерін байланыстыратын автомобиль жолдарын жоспарлы күтіп-ұстау және орташа жөндеу жұмыстарын қаржыландыру арқылы ұзақ мерзімді құндылық қалыптастыруға елеулі мүмкіндік береді. Біз даму мақсаттарына бағдарланған және құндылық қалыптастыратын банк жүйесін дамыту үшін Дүниежүзілік банк тобының ұйымдарымен ынтымақтастығымызды жалғастыруға ниеттіміз».

Бұл кепілдік Дүниежүзілік банк тобының Қазақстанның көлік секторын нығайтуға бағытталған үйлестірілген тәсілінің бір бөлігі болып табылады. Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі (ХҚДБ) Батыс Еуропа — Батыс Қытай дәлізі бойындағы жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жобалар арқылы секторға қолдау көрсетті және қазіргі уақытта Көлік жүйесінің орнықтылығы мен байланыстылығын арттыру жобасына қолдау көрсетіп отыр. Халықаралық қаржы корпорациясы (ХҚК) Орталық Азия тарихындағы алғашқы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы — Алматы айналма автомобиль жолы жобасының құрылымын әзірлеуге қолдау көрсетті.

Дүниежүзілік банк тобы сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі транзиттік-логистикалық хабқа айналу және Орта дәліз бойындағы жүк ағындарын жақсарту жөніндегі мақсатына сәйкес елдің мемлекеттік теміржол операторы — «Қазақстан темір жолы» компаниясын жаңғыртуға қолдау көрсетіп отыр.

MIGA мемлекеттік кәсіпорынның қаржылық міндеттемелерін орындамау тәуекелін өтейтін екі кепілдік береді. Бұл ҚДБ-ға мұндай кепілдіктер болмаған жағдайда салыстырмалы талаптармен қолжетімсіз болатын халықаралық қаржыландыуды тартуға мүмкіндік береді.

MIGA және Дүниежүзілік банк тобының Кепілдіктер платформасы туралы

1988 жылы құрылған MIGA — саяси тәуекелдерді сақтандыру, кредиттік сапаны арттыру және сауданы қаржыландыру кепілдіктері арқылы дамушы елдерге инвестицияларды ынталандыратын Дүниежүзілік банк тобының мүшесі. MIGA қалыптасушы нарықтар мен дамушы 123 елде жалпы сомасы 100 млрд АҚШ долларынан асатын кепілдіктер беріп, 1 000-нан астам жобаны қолдады. MIGA аясында кепілдік өнімдері мен сараптаманы біріктіру мақсатында 2024 жылы іске қосылған Дүниежүзілік банк тобының Кепілдіктер платформасы жұмыс істейді. Платформа дамушы елдерге салынатын инвестициялардың тәуекелдерін төмендетуге арналған кепілдік шешімдерінің оңайлатылған әрі кешенді топтамасын ұсынады.

Кепілдіктер платформасы туралы қосымша ақпарат:
https://www.worldbank.org/wbgguarantees 

Соңғы жаңалықтардан хабардар болу үшін бізді мына әлеуметтік желілерден қадағалаңыз: https://x.com/MIGA
https://www.linkedin.com/company/wb-miga 

БАҚ өкілдеріне арналған байланыс ақпараты:
Вашингтон: Elizabeth Howton ehowton [at] worldbankgroup.org